Алматы бір басым орталығы бар қала үлгісінен жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар мен қызметтер тұрғындарға үйінің жанында қолжетімді болатын полицентрлік жүйеге көшуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қала күніне орай жарияланған «Устремленный в будущее Алматы» бағдарламалық мақаласында жазды.
Оның айтуынша, полиорталықтарды дамыту қоғамдық көлікті жаңғыртумен және жаңа көлік байланыстарын құрумен қатар жүруі керек. 2030 жылға дейін Сайран көлінің шығыс бөлігінде «Восточные ворота» және Almaty Downtown полиорталықтарын, ал кейіннен «Западные ворота», Оңтүстік-Батыс және Солтүстік полиорталықтарын қалыптастыру жоспарланып отыр.
— Алматы дамуының келесі кезеңі бір орталықтан көптеген мүмкіндіктерге көшу болуы тиіс. Біз қаланы бір-бірімен байланысқан бірнеше полиорталықтан тұратын жетілген мегаполиске айналдыруымыз керек, — деді Дархан Сатыбалды.
Ол әрбір полиорталықтың өз жұмыс орындары, оқу орындары, медициналық және мәдени нысандары, бизнес-орталықтары, сауда және рекреациялық кеңістіктері болуы керектігін атап өтті. Бұл тәсіл қаланың орталық бөлігіне жүктемені азайтып, тұрғындардың күнделікті қатынауын қысқартуға мүмкіндік береді.
Көлік саласында метро батыс және шығыс бағыттарда дамып келеді. Келешекте батыс желісін «Барлық» көлік-алмасу торабына дейін 5,3 км-ге үш станциямен, ал «Жібек Жолы» шығыс тармағын әуежайға дейін шамамен 14 км-ге сегіз станциямен ұзарту жоспарлануда.
Сонымен қатар, ұзындығы 18,3 км болатын ЛРТ бірінші желісі Индустриялық аймақты Алматы-2 вокзалымен байланыстыруы тиіс. Ол шамамен 34 аялдаманы қамтиды, ал кейіннен жүйені «Барлық» және «Восточный» көлік-алмасу тораптарымен қосу жоспарланып отыр.
Тағы бір жоба — Sky Train. Жалпы ұзындығы 42 км болатын екі желіні 20 станциямен салу қарастырылуда. Жоба бойынша, жер үсті көлік жүйесі арнайы салынған эстакада бойымен жол қозғалысына тәуелсіз жүреді.
— Sky Train-нің басты ерекшелігі — жеңіл рельсті көлік арнайы салынған эстакада бойымен жол қозғалысына тәуелсіз жүреді. Бұл кептелістер мен бағдаршамдарға тәуелділікті азайтып, жолаушылардың жол жүру уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді, — делінген мақалада.
Қаланың полицентрлік дамуы сондай-ақ Mixed-Use қағидаты мен «15 минуттық қала» тұжырымдамасын көздейді. Бұл тұрғын үй, жұмыс орындары, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, дүкендер, мәдениет нысандары мен демалыс орындарының бір-бірінен жаяу қашықтықта болуын білдіреді.
Еске салайық, Алматыда жеңіл рельсті көліктің бірінші желісінің алғашқы рельстерін орнату басталды.
