Алматы мен Алматы облысын жалғайтын «Алтын Орда» көпірінде жол жабыны бүлінген соң қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жол төсемінің зақымдалғаны туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған. Желі қолданушылары кейбір жүріс бөліктерінде металл элементтер мен бұзылған асфальттың сынықтары пайда болғанын, олардың көлік жүргізушілері үшін қауіп төндіруі мүмкін екенін жазған.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Алматы облыстық филиалы бұл оқиға 17 қыркүйекте кешке болғанын мәлімдеді.
— Республикалық маңыздағы «Алматы — Бішкек» автомобиль жолының 18-шақырымында, «Алтын Орда» көпірінде 2026 жылғы 17 қыркүйекте кешке деформациялық тігісті уақытша жабу үшін пайдаланылған суық асфальттың ұшып кетуі орын алды, осыған байланысты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындады, — делінген компания хабарламасында.
Қазіргі уақытта зақымдалған учаскеде қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында асфальтбетон жабынын төсеу арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Филиал мамандары зақымдалған деформациялық тігіс сегментін ауыстырып қойғанын нақтылады. Қалпына келтіру жұмыстары барысында учаске қызмет көрсетуші ұйымның бақылауында болды.
Бұған дейін Алматы облысының Қарасай ауданында су құбыры құбырының жарылуы салдарынан асфальттың бір бөлігі шөгіп кеткен болатын.
