Алматыда көлік құралдарын эвакуациялау және коммуналдық арнайы тұрақтарда уақытша сақтау үшін бірыңғай төлем тәртібін белгілеу ұсынылды. Тиісті шешім жобасы қалалық мәслихаттың қарауына енгізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда ұсталған және эвакуацияланған көлік құралдарына қатысты.
— Бұл барлық эвакуация жағдайларына қатысты емес екенін түсіну маңызды. Ұсынылып отырған тәртіп тек әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес көлік құралы ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілгенде ғана қолданылады, — деп түсіндірді ол.
Жобада көлік құралының санатына қарамастан эвакуацияның бірыңғай құны 3 АЕК (12 975 теңге) мөлшерінде белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар арнайы тұрақта сақтау үшін жеке төлем қарастырылған.
Егер иесі көлігін эвакуацияланған күні сағат 18:00-ге дейін арнайы тұрақтан алса, сақтау ақысы есептелмейді. Бұл жағдайда автокөлік иесі тек эвакуация құнын төлейді.
Ал егер көлік сағат 18:00-ден кейін арнайы тұрақта қалса, сақтау ақысы есептеле бастайды. Оның мөлшері көлік құралының санатына байланысты болады.
Жеңіл автомобильдер үшін алғашқы тәулікке 2,5 АЕК (10 812,5 теңге), ал әрбір келесі тәулікке 5 АЕК (21 625 теңге) тарифін белгілеу ұсынылады. Басқа санаттағы көліктер үшін де олардың түрі мен сипаттамаларын ескере отырып, сараланған мөлшерлемелер қарастырылған.
Бірыңғай тәртіпті белгілеу қажеттілігі заңнамадағы өзгерістерге байланысты. 2025 жылы Астана мен Алматы мәслихаттары коммуналдық меншіктегі арнайы алаңдар мен тұрақтарда ұсталған көлік құралдарын жеткізу және уақытша сақтау үшін төлем мөлшерін дербес айқындау өкілеттігін алды.
Бұған дейін, 2026 жылғы 30 шілдеде Алматы мәслихаты Жол қозғалысы ережелерімен реттелмеген бөлігінде Жол қозғалысын ұйымдастыру қағидаларын бекіткен болатын. Құжат, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты ұсталған көлік құралдарын жеткізу және сақтау тәртібін де айқындайды.
Ұсынылып отырған тарифтерді есептеу кезінде эвакуаторларды пайдалану және ұстау, арнайы тұрақтардың жұмысы, тәулік бойы күзету, коммуналдық қызметтер және қажетті инфрақұрылымды ұстау шығындары ескерілді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес эвакуаторлар мен персоналдың тәулік бойы дайындығы қамтамасыз етілуі тиіс, ал арнайы тұрақтарда бақылау-өткізу пункті, бейнебақылау, жарықтандыру, қоршау және тәулік бойы күзет болуы керек.
Жоба заңнамада көзделген қарау рәсімдерінен өтіп, қажетті оң қорытындыларды алды. Жобаны қабылдау ұсталған көлік құралдарын эвакуациялау және сақтау құнын есептеудің түсінікті әрі бірыңғай тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
