Алматыда қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа Air Astana-ның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты миллиардтаған жымқыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырып, шағымдарды қанағаттандырмады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, апелляциялық саты «Эйр Астана» АҚ-да 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру және қылмыстық кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды. Схеманың ұйымдастырушысы 9 жыл бас бостандығынан айырылды, ал оның екі сыбайласы 8 жыл 6 айға сотталды. Барлық сотталғандарға мүлікті тәркілеу және коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге лауазымдарды атқаруға тыйым салу тағайындалды.
Сот зардап шеккен тараптың азаматтық талабын 1 млрд теңгеден астам сомаға қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген залалды өтеуге жұмсалады.
Еске салайық, жыл басында Алматыда Air Astana-ның бұрынғы қызметкерлеріне қатысты үкім шығарылған болатын. Олар бұған дейін авиабилеттерді төмендетілген тарифтермен сатқанын мәлімдеген.
Дереккөз: Nur.kz