
Алматы полицейлері 81 жастағы жалғыз зейнеткерді ұрлап, жеке үйде ұстаған үш күдіктіні ұстады. Зейнеткердің таныстары оның жоғалғанын хабарлаған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ ведомстволық сайтының мәліметінше, Алматы тұрғыны полицияға өзінің 81 жастағы жалғыз зейнеткер танысының жоғалғаны туралы арызданған.
«Жедел уәкілдер дереу әрекет етті. Зейнеткер қала маңындағы елді мекендердің біріндегі жергілікті тұрғындардың үйінен табылды. Оны ұрлауға күдікті үш адам ұсталды. Анықталғандай, қылмыскерлер зейнеткердің сеніміне кіріп, оның осал жағдайын пайдаланып, бостандығын шектеп, жылжымайтын мүлікті қайта рәсімдеуге көндірмек болған», — деп мәлімдеді полиция.
ІІМ адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдіктілер — екі ер адам және бір әйел — уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Азаматтардың уақытылы хабарласуы мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді іс-әрекетінің арқасында ауыр зардаптардың алдын алып, зейнеткердің құқығын қорғау мүмкін болды», — деп атап өтті Түрксіб ауданы полиция басқармасының бастығы Дұман Аухадиев.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және әрбір фигуранттың рөлін анықтау үшін тергеу шаралары жүргізілуде.
Дереккөз: Nur.kz