Алматы биылғы ең әдемі күндердің бірі — 26.06.2026 жылы неке қиюға ниет білдірген жұптар саны бойынша Қазақстан өңірлері арасында көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының мәліметінше, осы күнге 830 жұп өтініш берген. Жыл басынан бері мегаполисте 7000-ға жуық неке тіркелген. Некеге отыратындардың орташа жасы — қыздарда 29, жігіттерде 32 жас.
Биыл ерекше көрсеткіштер де тіркелді. Ең жасы үлкен құйеу жігіт 92 жастағы ер адам болса, ең жас жұп — заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті рұқсат алған 16 жастағы жастар.
— Алматы қаласында неке қиюдың жоғары көрсеткіші мегаполистің демографиялық белсенділігін көрсетеді. Біз азаматтарға ыңғайлы және ашық қызметтерді қамтамасыз ету үшін үдерістерді үнемі жетілдіріп отырамыз. Өтінішті онлайн беру және салтанатты рәсімге алдын ала броньдау азаматтардың уақытын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Мемлекеттік корпорация филиалында.
Неке қиюға өтініш неке болжамды күніне дейін кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын беріледі. Қызметті АХАТ бөлімдерінде, электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Сонымен қатар, қалауы бойынша неке қию салтанатты жағдайда өтуі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстан бойынша 1,7 мыңнан астам жұп әдемі күн — 26.06.2026-ға неке қиюға броньдағаны хабарланған. Айта кетейік, қазақстандықтар некеге тұруды сирететін болды.
Дереккөз: Inform.kz