...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Бостандық ауданында 67 үйдің фасады қалалық бағдарлама бойынша жөнделеді

Бостандық ауданында Алматы дизайн-кодының талаптарына сәйкес бірыңғай архитектуралық келбетті қалыптастыру жобасы іске асырылуда. Биыл аудан аумағында 67 көппәтерлі тұрғын үйдің фасадына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар қалалық ортаның сыртқы келбетін жақсартуға, көшелердің эстетикасын арттыруға және ғимараттардың фасадтық бөлігін кешенді жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Аудан әкімі Азамат Қалдыбековтың айтуынша, қала әкімі Дархан Сатыбалдының «Фасадтан фасадқа» бастамасы бірнеше мәселені кешенді түрде шешеді. Біріншіден, 60-70 жыл бұрын салынған үйлерді эстетикалық жаңарту, қажет болған жағдайда шатырды жөндеу. Екіншіден, әртүрлі фасадтардың арасында бірыңғай архитектуралық стиль қалыптастыру, балкондар мен көшелерді абаттандыру, жайлы жаяу жүргіншілер аймақтарын құру. Жұмыстарда отандық табиғи материалдар, атап айтқанда, ақтау тасы мен Жамбыл облысынан әкелінген табиғи гранит қолданылады. Бостандық ауданы бойынша 67 үйдің фасады қаланың 9 көшесінде жаңартылады: Тимирязев, Абай, Сәтбаев, Масанчи, Розыбакиев, Жандосов, Мүсірепов, Сейфуллин, Жароков.

Жөндеу кезінде қаланың бекітілген архитектуралық келбетіне сәйкес келетін заманауи фасадтық материалдар, оның ішінде травертин, гранит және алюминий композитті панельдер (АКП) қолданылады.

Бүгінгі таңда 24 көппәтерлі тұрғын үйде жұмыстар аяқталуға жақын. Атап айтқанда, Розыбакиев көшесі, 250 мекенжайында фасадты жөндеу жеке инвестордың қаражаты есебінен, бюджет қаражатын тартпай жүргізілуде.

Сондай-ақ, қалалық бірыңғай архитектуралық келбетті қалыптастыру бағдарламасы аясында 23 тұрғын үйде жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу Бұқар-Жырау, Байсейітова, Масанчи, Мүсірепов көшелеріндегі, сондай-ақ Әл-Фараби және Абай даңғылдарындағы үйлерді қамтиды.

Мердігер ұйымдар фасадтарды тазалау, авариялық элементтерді бөлшектеу, сылақ қабатын қалпына келтіру, кіру топтарын жөндеу және заманауи фасадтық жүйелерді орнату жұмыстарын орындауда.

Масанчи көшесіндегі екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйлерге ерекше назар аударылады. Мұнда фасадтарды жөндеумен қатар шатырды да жөндеу жүргізілуде. Бұл үйлер ұзақ уақыт пайдаланылып келеді, шатыр жабыны қанағаттанарлықсыз күйде және ағып кету фактілері бар. Осыған байланысты ғимараттардың одан әрі бұзылуын болдырмау және тұрғындардың тұру жағдайын жақсарту үшін жұмыстарды кешенді жүргізу туралы шешім қабылданды.

«Фасадты жаңартып, жылытудан бөлек, бізге жобада суағарлардың болғаны ұнады, өйткені үйлеріміздің шатырында қауіпті сүңгілер пайда болатын. Ал біздің аудан белсенді, үйлердің жанынан студенттер өтеді, әрқашан ешкім зардап шекпесе екен деп қорқатынбыз. Әрине, үйдің көрінісі түбегейлі өзгерді. Қарауға жағымды. Біз өте ризамыз, әкімдікке рахмет», – дейді Масанчи көшесіндегі үйлердің тұрғындары.

Жобаны іске асыру кезінде үй иелерінің пікірі ескеріледі.

Дереккөз: Almaty.tv