...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Жетісу ауданында жаңа скверлер мен аулалар: тұрғындардың бастамасы ірі инвестицияға айналды

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаеваның қатысуымен баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистерге биылғы жылы ауданда жүзеге асырылып жатқан негізгі абаттандыру жобалары көрсетіліп, қоғамдық кеңістіктердің дамуы және бизнестің қала ортасын жақсартуға қатысуы туралы айтылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Соңғы жылдары Жетісу ауданы айтарлықтай өзгерді. Мұнда заманауи скверлер пайда болып, аулалар жаңартылып, жаңа серуендеу аймақтары мен отбасылық демалыс орындары құрылуда. Абаттандырумен қатар қауіпсіздік, көгалдандыру және тұрғындарды шешім қабылдауға тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Баспасөз турының алғашқы нүктесі Жангельдин көшесіндегі сквер болды. Аудан әкімі Ләззат Жылқыбаева атап өткендей, ауданы 2,2 гектар болатын бұл аумақ жаңартуды қажет еткен, бұл туралы жергілікті тұрғындар бірнеше рет өтініш білдірген.

«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша биылғы жылдың маусым айында саябақты қайта жаңарту жұмыстары басталды. Тамыз айының соңына дейін барлық жұмыс аяқталып, жаңартылған қоғамдық кеңістік тұрғындарға беріледі», – деді ол.

Қайта жаңарту аясында жинақтау резервуарлары есебінен жұмыс істейтін автоматты суару жүйесі толығымен қалпына келтірілді. Балалар ойын алаңдары жаңартылып, жарықтандыру саны 40-тан 200-ге дейін ұлғайтылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, олардан алынған ақпарат тәулік бойы аудан әкімдігі мен Полиция департаментіне түседі.

Сонымен қатар, скверде сәндік жарық элементтері, пиксельді ақпараттық экран, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері пайда болады. Қалалық Экология басқармасының мамандары бағалап жатқан қолданыстағы ағаштарды сақтауға және көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Келесі нысан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған Ратушный көшесіндегі аулалар болды. Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, дәл осы Жетісу ауданының тұрғындары бұл бағдарламада дәстүрлі түрде жоғары белсенділік танытады.

«Өткен жылы аудан тұрғындарынан 1319 өтініш түсті. Оның ішінен 25 ірі жоба іріктеліп, бүгінде жүзеге асырылуда. Ең жарқын мысалдардың бірі – Ратушный көшесіндегі аулаларды абаттандыру», – деп атап өтті әкім.

Жобаны іске асыру барысында балалар мен спорт алаңдары жаңартылып, заманауи қоршау орнатылып, автоматты суару жүйесі жүргізіліп, ландшафттық дизайн жұмыстары орындалды. Барлық шешімдер тұрғындармен бірлесіп қабылданды – өсімдіктер мен гүлдерді таңдаудан бастап демалыс аймақтары мен ойын элементтерін орналастыруға дейін.

Тұрғындар жұмыс нәтижелерін бағалап үлгерді. Жақында жаңартылған аула кеңістігінің салтанатты ашылуы өтті, ол балалар мен ересектер үшін жаңа тартымды орынға айналды.

Жұмыстардың барысы туралы журналистерге мердігер ұйым «Троя» ЖШС директоры Бахтияр Атажанов айтып берді.

Оның сөзінше, ұзындығы шамамен 280 метр болатын скверді абаттандыру аяқталу сатысында. Брусчатка толығымен төселіп, балалар мен спорт алаңдары, воркаут аймақтары жабдықталып, резеңке жабын төселген. Жалпы ауданы 6 мың шаршы метрге жуық аумақты көгалдандыру жұмыстары 80%-ға аяқталған.

«Автоматты суару жүйесі бүкіл аумақта жұмыс істеп тұр. Тамыз айының соңына дейін жобаны толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз, бірақ келісімшарт бойынша жұмысты аяқтау мерзімі тек қазан айына белгіленген», – деді мердігер.

Жобаның ерекшелігі – сәндік альпинарийлер жасау және экостиль элементтерін сақтау. Бұрын орнатылған ағаш орындықтар қалпына келтіріліп, сквердің жаңартылған келбетіне үйлесімді енгізілген.

Баспасөз турының тағы бір нысаны Сериков көшесі болды, онда бизнес пен мемлекеттің ынтымақтастығының бірегей үлгісі жүзеге асырылуда. Мұнда іргелес аумақты абаттандыруды Karina Paper компаниясы толығымен қаржыландырады.

Ләззат Жылқыбаева атап өткендей, Жетісу ауданы ірі инвестициялар тарту бойынша көшбасшы болып қала береді.

Дереккөз: Almaty.tv