Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында радиалды жолдар – Абай даңғылы, Рысқұлов даңғылы және Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (БАҚАД) дейін жалғастыру жобаларының іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда нысандардың құрылыстық дайындығы шамамен 50 пайызды құрайды. Жобалар аясында жасанды құрылыстар, оның ішінде Аксай өзені арқылы өтетін көпірлер, БАҚАД және теміржол жолдары арқылы өтетін жол өткелдері салынуда.
Жер учаскелерін сатып алу жұмыстары жалғасуда. Абай даңғылы бойынша 82 учаскенің 71-і, Рысқұлов даңғылы бойынша 190 учаскенің 172-сі сатып алынды, ал Саин көшесі бойынша сатып алу рәсімдері аяқталды.
Дархан Сатыбалды бұл жобалардың іске асырылуы Алматы агломерациясының көліктік байланысын айтарлықтай жақсартып, қалаға кіретін магистралдардың жүктемесін азайтатынын атап өтті.
«Өткен жылы біз қала бюджеті есебінен облыс аумағындағы жер учаскелерін сатып алуды аяқтап, БАҚАД-қа дейінгі жолдарды өзіміз салу туралы шешім қабылдадық. Барлық жобалар бізге берілді, қазір оларға түзетулер енгізілуде, алайда жұмыстар қатар жүргізілуде. Құрылысқа қаражат қарастырылған, мердігер ұйымдар бар, Абай даңғылы мен Саин көшесінің бойымен БАҚАД-қа дейінгі жолдың өтуін биылғы жылы қамтамасыз ету міндетін қоямын», — деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Болашақта Алматыны БАҚАД-пен алты радиалды магистраль арқылы байланыстыру жоспарлануда. Абай, Рысқұлов даңғылдары мен Саин көшесіндегі жобалардан басқа, Тілендиев, Ақын Сара көшелері мен Солтүстік айналма жолын жалғастыру жұмыстары жалғасуда.
Дереккөз: Almaty.tv