Wildberries маркетплейсі Қазақстанда e-grocery экспресс-жеткізу қызметін іске қосты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бірінші кезеңде қызмет Алматы мен Астана тұрғындарына қолжетімді болды. Компания болашақта жоба географиясын еліміздің басқа қалаларына да кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұрын Wildberries-тен тапсырысты бірнеше күн күтіп, алу пунктінен алуға тура келсе, енді сатып алушылар ыңғайлы уақытта және тиімді шарттармен жеткізуді таңдай алады. Өнімдерге немесе бірінші қажеттілік тауарларына тапсырыс беру үшін қосымша бағдарлама жүктеп алудың қажеті жоқ — қызмет Wildberries қолданбасында қолжетімді. Іздеу жолына қажетті тауарды енгізіп, себетке салу жеткілікті. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін e-grocery және кәдімгі тауарлар себеттері бөлек болады.
Wildberries компаниясының айтуынша, e-grocery сегментінде жаңа піскендік пен сапа мәселесі басымдыққа ие. Сондықтан экспресс-жеткізуді іске қосу үшін сенімді әрі уақытпен тексерілген серіктестер таңдалды: ірі ритейлер METRO және екі мегаполистің белгілі базарлары — Жасыл базар мен Сәуран базары. Осының арқасында пайдаланушылар сауда нүктелеріне өздері бармай-ақ әдеттегі фермерлік ассортиментке қол жеткізе алады. Тапсырыстарды жинау кәсіби түрде, «өзіңе қалағандай» жүзеге асырылады.
Жаңа бөлімде барлығы алты мыңнан астам тауар атауы ұсынылған. Азық-түлік өнімдерінен бөлек, сатып алушыларға жаңа піскен көкөністер мен жемістер, ет, сүт өнімдері, сусындар, үйге арналған тауарлар, косметика, тұрмыстық химия және зоотауарлар қолжетімді.
Өнімдер Wildberries қоймаларында сақталмайды, себебі платформа бұл жағдайда тек витрина және тапсырысты ресімдеуге арналған бірыңғай цифрлық алаң ретінде қызмет етеді. Жеткізу екі сағат ішінде жүзеге асырылады.
Дереккөз: Nur.kz