
Алматыдағы бұрынғы Верный әскери бекетінің қалдықтары орналасқан жер телімінің иесі абаттандыру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Алматы тарихы басталған тарихи нысанның аумағы тұрмыстық қоқысқа толып, тасталған көріністе болған. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде учаскенің жай-күйіне назар аударып, оны ретке келтіруді талап еткен.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, 2026 жылдың сәуірінде Жетісу ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері табиғат қорғау полициясымен бірлесіп, учаскеге выездтік тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша меншік иесіне абаттандыру ережесін бұзғаны үшін ескерту жасалған.
15 сәуірде жер теліміне иелік ететін «SA Capital Story Group» ЖШС кепілдік хат ұсынып, аумақты 2026 жылдың 31 мамырына дейін тазалауға міндеттенген. Алайда белгіленген мерзімде міндеттемелер орындалмаған.
— 2 маусымда аудан әкімі аппаратының қызметкерлері мен табиғат қорғау полициясы қайта выезд жасады. Меншік иесі белгіленген мерзімде аумақты тиісті санитарлық жағдайға келтіру жөніндегі міндеттемелерін орындамағандықтан, табиғат қорғау полициясының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша (Алматы қаласының абаттандыру ережесін бұзу) әкімшілік хаттама толтырды. Айыппұл мөлшері 30 АЕК (129 750 теңге) болды, — деп хабарлады әкімдік.
Бұрынғы Верный бекетінің аумағы Жетісу ауданында Тәтібеков көшесінің бойында орналасқан. Сақталған құрылыстар кешені жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген. Қазіргі уақытта аумақ жеке меншікте.
Дереккөз: Inform.kz