Алматыдағы Төле би көшесінде бұрынғы трамвай желісінің 165 тірегі бұзылып, олардың орнына заманауи сәндік жарықтандыру тіректері орнатылады. Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының (ЖҚҰО) мәліметінше, 25 шілдеден бастап Төле би көшесінің Момышұлы көшесінен Жароков көшесіне дейінгі учаскесінде бұрынғы трамвай желісінің контактілік желі тіректерін бұзу жұмыстары басталады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоспар бойынша 165 ескі тірек сүріліп, орнына заманауи сәндік жарықтандыру тіректері орнатылады. ЖҚҰО-да қолданыстағы тіректерде электр беру желілері, байланыс кабельдері, интернет-провайдерлер желілері, жарнама конструкциялары және басқа да инженерлік коммуникациялар орналасқанын атап өтті. Сонымен қатар, желілердің бір бөлігінің иелері әлі анықталмаған.
Бұған дейін Алматы цифрландыру басқармасы байланыс операторларына, интернет-провайдерлерге, коммуналдық қызметтерге және басқа ұйымдарға коммуникацияларды көшіру қажеттілігі туралы хабарлама жіберген. Алайда барлық меншік иелері бұл талаптарды орындамаған.
Алдағы бұзу жұмыстарына байланысты қалалық билік инженерлік желілердің иелерін 24 шілдені қоса алғанда, көрсетілген учаскеде өздеріне тиесілі коммуникацияларды көшіруге немесе бұзуға қайтадан шақырды. Бұл желілердің зақымдануын және электрмен жабдықтау, байланыс және интернеттегі ықтимал үзілістерді болдырмау үшін қажет.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін жаңа тіректерде қолданыстағы әуе желілері орналастырылмайды, өйткені LRT құрылысы жобасында бұл көзделмеген.
Дереккөз: Inalmaty.kz