Алматыда LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жалғасуда. Төле би көшесінің Момышұлы көшесінен Жароков көшесіне дейінгі бөлігінде шығыс бағытта бұрынғы трамвай желісінің контактілік желі тіректерін бұзу басталады. Олардың орнына жаңа сәндік сыртқы жарықтандыру тіректері орнатылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының (ЖҚҰО) хабарлауынша, қолданыстағы тіректерде қазіргі уақытта электр беру желілері, байланыс желілері, интернет-провайдерлердің кабельдері, жарнама конструкциялары және басқа да инженерлік коммуникациялар орналасқан. Бұл ретте осы желілердің бір бөлігінің иелері немесе пайдаланушы ұйымдары әлі анықталмаған.
Әкімдікте бұған дейін Алматы цифрландыру басқармасы байланыс операторларына, интернет-провайдерлерге, коммуналдық кәсіпорындарға және инженерлік желілердің басқа да иелеріне коммуникацияларды көшіру немесе қайта жаңарту қажеттігі туралы хабарламалар жібергені атап өтілді. Алайда меншік иелерінің бір бөлігі қажетті жұмыстарды әлі орындамаған, ал кейбір желілердің иелерін анықтау мүмкін болмаған.
Инженерлік коммуникациялардың зақымдануын, сондай-ақ электрмен жабдықтау, байланыс және интернетке қолжетімділіктегі ықтимал үзілістерді болдырмау мақсатында ЖҚҰО барлық меншік иелері мен пайдаланушы ұйымдарға 2026 жылғы 24 шілдеге дейін қоса алғанда, көрсетілген учаскеде орналасқан өздеріне тиесілі желілерді бұзуды немесе көшіруді талап етіп, қайтадан жүгінеді.
25 шілдеден бастап мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары басталады, оның аясында бұрынғы контактілік желінің 165 тірегін бұзу және жаңа сыртқы жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланған. Жұмыстар аяқталғаннан кейін қолданыстағы әуе желілерін жаңа тіректерге қайта орналастыру жобада қарастырылмаған.
Бұған дейін Алматыда жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші желісінің құрылысымен айналысатын компания анықталған болатын.
Дереккөз: Inform.kz