
Алматыдағы Сайран көлінде ыдыс жуып жатқан сусымалы балмұздақ сатушысы полиция назарына ілікті. Құқық қорғау органдары бұзушыны анықтап, шара қолданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Кеше әлеуметтік желіде Сайран көлінде ыдыс жуып жатқан сатушының суреті тараған еді. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында азаматтың ас үй ыдыстарын белгіленбеген жерде жуғаны анықталған.
«Тексеру барысында азаматтың ас үй ыдыстарын белгіленбеген жерде жуғаны анықталды. Осы бұзушылық үшін ол жауапкершілікке тартылды», — делінген Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін, өйткені олар қоршаған ортаның санитарлық жағдайына қауіп төндіріп, азаматтардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындар мен кәсіпкерлерді белгіленген ережелерді сақтауға, әсіресе тамақ өнімдері мен қоғамдық орындарға қатысты мәселелерде жауапкершілік танытуға шақырды.
Дереккөз: Nur.kz