...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Халықаралық семинар: Алматыда Кітап және кітапханашылар күніне орай тәжірибе алмасты

Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай кітапханашыларға арналған халықаралық семинар өтті. Шара әр өңірден келген кітапхана саласының басшылары мен мамандарын біріктіріп, заманауи кітапхана ісінің өзекті мәселелерін талқылауға және халықаралық тәжірибе алмасуға арналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Алматы кітапханаларының заманауи мүмкіндіктері, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бейімдеу жобалары, кітапхана процестерін автоматтандыру, электронды ресурстардың қолжетімділігі және цифрландыру саласындағы инновациялық әзірлемелер таныстырылды.

Семинардың ерекшелігі — Алматы кітапханаларының шетелдік серіктестерімен телекөпір өткізу болды. Онлайн режимде Селангор қоғамдық кітапханасы (Малайзия), Швеция Ұлттық кітапханасы, Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы және Саха (Якутия) Республикасының Ұлттық кітапханасының өкілдері салалық жаңалықтар мен жетістіктерімен бөлісіп, әріптестеріне құттықтауларын жолдады.

Сондай-ақ семинар аясында «МегаПро» автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері талқыланды. Ресейлік «Дата Экспресс» компаниясының бас директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Владимир Грибов кітапханаларға арналған бағдарламалық шешімдердің тиімділігі туралы баяндама жасады.

Алматы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері Әлия Боранбай семинардың деңгейін жоғары бағалап: «Бүгінгі ғылыми семинар өте пайдалы болды. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар біз үшін өте маңызды. Біз шетелдік әріптестеріміздің цифрландыру және оқырмандармен жұмыс істеу тәсілдерімен таныстық», — деді.

Бұл шара кәсіби мереке ғана емес, ұлттық руханиятты нығайтуға және кітап пен кітапханалардың мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды оқиға болды.

Дереккөз: Almaty.tv