
10 мамырда Алматыда өткен Asia Rugby Emirates Women’s Championship халықаралық турнирінде Қазақстан әйелдер регби құрамасы күміс жүлдегер атанды. Қиын ауа райы жағдайына, нөсерлі жаңбырға қарамастан, спортшылар ерік-жігер мен жоғары ойын тәртібін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қорытынды ойын күні қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасымен шиеленіскен бәсекеде 26:26 есебімен тең түсті. Күміс медаль тағдыры турнир көшбасшысы Жапония құрамасына қарсы ойындардағы ұпай айырмасына байланысты шешілді. Қазақстан командасы қарсыластарынан аз ғана басымдықты сақтап қалды, ал жеңіске жету үшін есептегі қажетті айырманы ұстап тұру керек болды.
Қиын ауа райы мен нөсерлі жаңбырға қарамастан, қазақстандық регбишілер ерік-жігер, берілгендік пен жоғары ойын тәртібін көрсетіп, қажетті нәтижені сақтап қалды және құрлықтағы ең күшті командалардың бірі мәртебесін растады, — делінген Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарламасында.
Ұлттық құрамадағы 26 спортшының 16-сы Алматы қаласының тәрбиеленушілері екенін атап өткен жөн. Алматы қалалық спорт басқармасының мәліметінше, бұл нәтиже команданың бірлігі, төзімділігі және спортшылар мен жаттықтырушылар штабының орасан зор еңбегінің көрінісі болды.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Жапония құрамасы, екінші орынды Қазақстан, үшінші орынды Гонконг иеленді. Отандық чемпионаттағы күміс медальдар қазақстандық әйелдер регбиі үшін маңызды жетістікке айналды және ұлттық команданың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін растады.
Дереккөз: Almaty.tv