...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Қазақстан Алматыдағы БҰҰ өңірлік орталығына жылына 3 млн доллар бөледі

Сенат Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісім мен меморандумды ратификациялау заңдарын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Сенат комитетінің қорытындысында атап өтілгендей, өңірлік орталық тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша өңірлік үйлестіруді күшейтуге, техникалық көмек, тәжірибе алмасу және аналитикалық қолдау бағдарламаларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ және өңір мемлекеттерімен ынтымақтастығын нығайтуға арналған.

Келісім өңірлік орталықтың құқықтық мәртебесін, оны Қазақстан аумағында орналастыру және қызметінің тәртібін, ұлттық билік органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін, орталық персоналының болу және қызмет ету режимін, сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың қаржылық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

Құжат Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің қажеттіліктеріне бағытталған тұрақты даму, климаттық тұрақтылық, инклюзивті экономикалық өсу, әлеуметтік саясат және гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы бірлескен бағдарламаларды іске асырудың құқықтық негізін құруға бағытталған.

Меморандум өңірлік орталықтың мәртебесін, сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы қаржылық және ұйымдастырушылық ынтымақтастық шеңберін айқындауды көздейді. Меморандум нормаларына сәйкес орталық жылдық жұмыс бағдарламасын әзірлейтін және жүзеге асыратын болады.

Үкімет өзінің тиісті және белгіленген заңдарын, ережелері мен жылдық бюджет туралы қаулыларын сақтай отырып, 2025 жылдан 2029 жылға дейінгі кезеңде жыл сайын Орталықтың жылдық жұмыс бағдарламасын іске асыру үшін БҰҰ-ның қарамағына үш миллион доллар көлемінде қаражат ұсынатын болады, — делінген қорытындыда.

Орталықта екі орган — Консультативтік кеңес және Халықаралық консультативтік комитет құрылады. Консультативтік кеңес жылдық жұмыс бағдарламасы мен орталықтың жедел бюджеті бойынша ұсынымдар береді. Халықаралық консультативтік комитет өңірдің бағдарламалық басымдықтары бойынша стратегиялық кеңес беру үшін құрылады.

Бұған дейін Қазақстан СІМ Алматыдағы БҰҰ орталығы тұрақты даму жобаларының хабына айналатынын хабарлаған болатын.

Дереккөз: Inform.kz