...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Қар барысы мен сілеусінге жаңа вольерлер: Алматы хайуанаттар бағының жаңғыртылуы

Алматыда қалалық хайуанаттар бағын кең ауқымды жаңғырту аясында қар барысы мен сілеусінге арналған жаңа вольерлердің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасы Kazinform редакциясының ресми сауалына жауап бергенде хабарлады.

— Алматы хайуанаттар бағын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды іске асыру шеңберінде «Қар барысының вольері» және «Сілеусін вольері» нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған жобаларды әзірлеу аяқталды, — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Абай Оспанов.

Жыртқыштарға арналған жаңа вольерлерді салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Алматы хайуанаттар бағын тұтастай қайта жаңарту және жаңғыртуға арналған ЖСҚ әзірленуде.

Қайта жаңарту мен жаңғыртуды жалпы қаржыландыру көлемі барлық жобалық-сметалық құжаттама толық дайын болып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғаннан кейін ғана белгілі болады.

— Алматы хайуанаттар бағын кешенді жаңғыртуды аяқтау мерзімдері қайта жаңарту нысандары бойынша барлық қажетті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан кейін анықталады, — деп нақтылады басқармада.

Алматы хайуанаттар бағы — Қазақстандағы ең көне хайуанаттар бақтарының бірі. Ол 1937 жылы ашылған. Хайуанаттар бағында 361 түрлі жануар мекендейді, олардың күтімімен 223 қызметкер айналысады.

Еске салайық, 2025 жылғы мамырда Алматы мәслихатының XXVIII сессиясында цирк пен хайуанаттар бағын 100 млн теңгеге жаңғырту жобасы дайындалып жатқаны белгілі болды. Кейін Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов хайуанаттар бағын жаңғырту жоспарлары туралы айтты. Оның сөзінше, қазіргі вольерлердің, іргелес аумақтардың және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі едәуір ескірген және келушілерге сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ, хайуанаттар бағын қайта жаңарту 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн.

Дереккөз: Inform.kz