...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Cathay Pacific 2027 жылы Гонконг-Алматы бағытында тікелей рейс ашады

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Гонконг Әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесуде Гонконг – Алматы – Гонконг бағытында тікелей әуе қатынасын ашу жоспарын талқылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Cathay Pacific әуекомпаниясы 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап тікелей рейстерді орындауды жоспарлап отыр. Кездесуге Cathay Pacific компаниясының клиенттермен жұмыс және коммерциялық мәселелер жөніндегі директоры Лавиния Лау да қатысты.

Әуетасымалдаушының жоспары бойынша, рейстер аптасына үш рет Airbus A330-300 кең фюзеляжды әуе кемелерімен орындалады. Бұл бағыт Гонконг пен Қазақстан арасындағы жалғыз тікелей әуе қатынасы болады.

Cathay Pacific – Гонконгтың флагмандық әуекомпаниясы. Ол Гонконг халықаралық әуежайында орналасқан және әлемнің 200-ден астам бағытына тұрақты жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асырады.

Рейстердің ашылуы Қазақстан, Гонконг және Азия-Тынық мұхиты аймағы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ елдің халықаралық маршруттық желісін кеңейтуге ықпал етеді.

Дереккөз: Inform.kz