Астана мен Алматы Global Cities Index 2026 рейтингінде әлемнің 1000 ірі қаласының қатарында үздік 300-ге кірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Oxford Economics аналитикалық компаниясы жасаған Global Cities Index 2026 рейтингіне сәйкес, Алматы 265-орынды, ал Астана 281-орынды иеленді.
Адам капиталы көрсеткіші бойынша екі қазақстандық қала да жоғары позицияға көтерілді. Алматы 66-орында тұр, бұл көрсеткіш бойынша Гонконг, Барселона, Варшава және Анкараны басып озды. Астана 98-орынға жайғасты.
Жалпы рейтингте Астана мен Алматы Мәскеуден (313-орын) және Бакуден (323-орын) жоғары орналасты. Ереван 514-орында, Минск 604-орында, Кишинев 619-орында тұр.
Орталық Азия қалалары арасында Ташкент 343-орынды, Бішкек 461-орынды, Ашхабад 668-орынды, Душанбе 672-орынды иеленді.
Азия мен Таяу Шығыстың басқа ірі қалалары әлдеқайда жоғары: Сеул 38-орында, Эр-Рияд 50-орында, Абу-Даби 84-орында.
Oxford Economics сарапшылары рейтингтің жоғарғы бөлігінде негізінен Солтүстік Америка мен Еуропа қалалары басым екенін атап өтті.
Global Cities Index 2026 рейтингінде бірінші орынды Нью-Йорк сақтап қалды. Екінші орында Лондон, үшінші орында Париж. Одан кейін Сиэтл, Сан-Франциско, Дублин, Бостон, Сан-Хосе, Токио және Цюрих орналасқан.
Global Cities Index әлемнің 1000 ірі қаласын бес бағыт бойынша бағалайды: экономика, адам капиталы, өмір сүру сапасы, экология және мемлекеттік басқару.
Рейтингті жасау барысында экономикалық көрсеткіштер, білім және еңбек нарығы, табыстар мен тұрғын үй құны, қауіпсіздік, қоршаған ортаның жай-күйі, сондай-ақ институттар мен реттеу сапасы ескеріледі.
Индекс қалалардың ағымдағы жағдайын ғана емес, олардың болашақ әлеуетін де көрсетеді. Ол үшін Oxford Economics өзінің экономикалық болжамдарын пайдаланады.
Бұған дейін Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі Үкіметтің 2027 жылы ЖІӨ өсімін 5%-дан жоғары деп болжауы қандай салалар есебінен болатынын айтқан болатын.
