
Медеу ауданының тау бөктеріндегі аймақта көшкін жүріп, оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ТЖД мәліметінше, 14 мамыр күні түске таман жергілікті тұрғын Байқоңыр көшесіндегі №104 үйдің маңынан көшкін жүргені туралы хабарлаған. Дереу оқиға орнына ТЖД қызметкерлері, «Қазселден қорғау» ММ мамандары және аудан әкімдігінің өкілдері жіберілді.
— Бұл учаске тау бөктерінде орналасқан, жер бедері күрделі, тік көтерілулер мен беткейлер бар. Комиссиялық тексеру нәтижесінде кәріз құдығының ағуы салдарынан топырақтың ылғалданып, жылжығаны анықталды, — деп атап өтті ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ағу жойылды. Халықтың тіршілігіне қауіп жоқ. Зардап шеккендер жоқ, тұрғын үйлер мен жолдар зақымданбаған. Көшкін салдарын жоюға ТЖД-ның бес қызметкері мен екі техникасы, «Қазселден қорғау» ММ-нің үш қызметкері мен бір техникасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның бес қызметкері мен екі техникасы жұмылдырылды. Алматыда 190-ға жуық көшкін қауіпті учаске есепте тұр. Бұған дейін 2025 жылдан бастап сегіз негізгі нысанда, оның ішінде Медеу — Шымбұлақ учаскесінде тұрғын үйлер мен туристік инфрақұрылымды қорғау үшін инженерлік жұмыстар жүргізіліп жатқаны хабарланған.
Дереккөз: Inform.kz