...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматылықтарға мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеу қажеттігі ескертілді

Алматы тұрғындарына 2025 жылға арналған жеке тұлғалардың мүлік салығы 4,8 млрд теңге мөлшерінде есептелді. Бұл туралы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Төлем туралы хабарламалар АЛСЕКО-ның коммуналдық қызметтер түбіртегіне енгізілген. Сонымен қатар, салық сомасын банктердің мобильді қосымшаларынан көруге болады. Есептеулер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.

Мемлекеттік кірістер департаменті салық жеңілдіктері азаматтардың жекелеген санаттарына қарастырылғанын еске салды. Олардың қатарында Кеңес Одағының және Қазақстанның Батырлары, ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, мүгедек баланың ата-анасының бірі, көпбалалы аналар, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер бар.

Мүлік салығын 2026 жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеу қажет. Ведомство берешек пен өсімпұлдың пайда болуын болдырмау үшін төлемді кейінге қалдырмауды ұсынады.

Салық есептеуіне қатысты сұрақтар бойынша тұрғындар жылжымайтын мүлік объектісі орналасқан жердегі аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларына жүгіне алады немесе 1414 бірыңғай нөмірі бойынша кеңес ала алады.

Дереккөз: Inalmaty.kz