...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматылық 11 оқушы Кремний алқабындағы жасанды интеллект конференциясына аттанды

AI Talents Almaty білім жобасының аясында Алматыдан 11 оқушы АҚШ-қа, Кремний алқабына барып, жасанды интеллектке арналған конференцияға қатысады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

AI Talents Almaty – оқушыларды бағдарламалау мен жасанды интеллектке баулитын білім жобасы. Бағдарлама Алматы қаласының цифрландыру басқармасының қолдауымен іске асырылып, бұған дейін ақпараттық технологиялар саласында тәжірибесі болмаған балаларға да арналған.

Оқу бағдарламалау негіздерінен басталып, біртіндеп қосымшалар, цифрлық сервистер және AI-агенттер жасауға көшеді. Оқушылар заманауи құралдармен жұмыс істеп, процестерді автоматтандыруды үйренеді және кәсіби тәлімгерлердің жетекшілігімен практикалық міндеттерге шешім әзірлейді.

Жоба аясында алғашқы тестілеуден 10 мың оқушы өтті, олардың ішінен 1 500-і тереңдетілген оқуға іріктелді. 1 мыңнан астам қатысушы курсты аяқтап, Junior-әзірлеуші сертификаттарын алды және өздерінің цифрлық өнімдерін таныстырды.

Практикалық бағдарлама үш күндізгі хакатонды қамтыды, онда қатысушылар жобалар әзірлеп, оларды сарапшылар алдында қорғады. AITK Fest 2026 қорытындысы бойынша Кремний алқабына бару мүмкіндігін алған 11 жеңімпаз анықталды.

АҚШ-та оқушылар NVIDIA компаниясының аға техникалық бағдарлама менеджері Абхиджит Джошимен (Abhijeet Joshi) кездесті.

Сапардың басты оқиғаларының бірі – 3-6 қараша аралығында өтетін TechEquity AI Summit 2026 форумына қатысу. 5 қарашада жасанды интеллектті дамытуға және оны түрлі салаларда қолдануға арналған конференцияға бару жоспарланған. Спикерлер қатарында NVIDIA, Google, Google DeepMind, Snowflake, Meta, IBM, Adobe және Стэнфорд университетінің сарапшылары бар.

Сонымен қатар алматылық оқушылар алған білімдерін қолданып, басқа әзірлеушілермен тәжірибе алмасатын Company Brain Hackathon-ға қатысады.

Сапар бағдарламасына Стэнфорд университеті мен Берклидегі Калифорния университетіне (UC Berkeley) бару, олардың зерттеу бағыттарымен және оқу мүмкіндіктерімен танысу кірді.

Қатысушылар California PATH зерттеу бағдарламасының 40 жылдығына арналған PATH@40 халықаралық іс-шарасына да барады. Онда жасанды интеллект, ұшқышсыз көлік және интеллектуалды қалалық инфрақұрылым саласындағы әзірлемелер таныстырылады.

Сапар оқушыларға жетекші технологиялық компаниялар мен университеттердің жұмысымен танысуға, өз әзірлемелерін таныстыруға және халықаралық кәсіби іс-шараларға қатысу тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.