Алматының Жетісу ауданы әкімі Құрасбек Сәдібеков баспасөз конференциясында базар аумағына кіретін рыноктардың болашағы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімнің мәліметінше, қазір ауданы шамамен 9 гектар болатын «Рахат» базарында реконструкция жүріп жатыр. Сонымен қатар сол жерде 0,3 гектар аумақта жаңа сквер салынып жатыр.
Базардағы жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары Айдын Сапарбек те баяндады. Оның айтуынша, Жетісу ауданында 16 рынок орналасқан, оның 13-і Солтүстік айналма жолдың бойында. Бүгінде 11 рынок жаңғыртудан өткен.
«Бүгінде «Новый Ялян» базарын жаңғырту жүріп жатыр, келесі жылы Солтүстік айналма бойындағы ескі «Ялян» мен «Барыс» базарын жаңғырту жоспарланып отыр. Рыноктар қалыпты режимде жұмысын жалғастырады, яғни олар бойынша әзірге шешім жоқ», — деп түсіндірді Айдын Сапарбек.
Бұған дейін Алматыда ірі «Жетісу-Семіречье» базары бұзылатыны хабарланған. Сот шешімінен кейін бұзу жұмыстарын меншік иесінің өзі бастаған.
