
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing ұйымының Әлем кубогының бірінші кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы 7 медаль жеңіп алды: 3 алтын, 1 күміс және 3 қола, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Турнирдің басты кейіпкерлерінің бірі – алматылық спортшы Виктория Графеева. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол Бразилиядан шыққан әлем чемпионын жеңіп, жоғары дайындық деңгейі мен тактикалық басымдығын көрсетті.
Тағы бір алтын медальді құрама қоржынына Сұлтанбек Айбарылы (85 келі) салды. Финалдық жекпе-жекте ол бразилиялық Кауе Белиниді сенімді түрде жеңіп, барлық раундтар бойы кездесу барысын бақылады. Кездесу қорытындысы бойынша төрешілер қазақстандық боксшыға 4:1 есебімен жеңіс берді.
Кезеңнің қола жүлдегері – алматылық Алуа Балкибекова (51 келі). Ол жартылай финалға дейін жетіп, қытайлық қарсыласына 2:3 есебімен жол берді.
Осылайша, алматылық спортшылар ұлттық құраманың жалпы жетістігіне елеулі үлес қосты. Әлем кубогының келесі кезеңі маусым айында Қытайда өтеді, ал серияның қорытынды жарыстары Ташкентте ұйымдастырылады.
Дереккөз: Almaty.tv