
Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі алдын ала мәліметтерді жариялады. Жер асты дүмпулері шамамен 21:22-де тіркелген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Сейсмологтардың ақпаратынша, дүмпулердің эпицентрі Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 316 шақырым жерде орналасқан. Ошақ тереңдігі 30 шақырымды құраған.
Мамандар MSK-64 шкаласы бойынша өңірлердегі дүмпулердің сезілу дәрежесі туралы мәліметтерді ұсынды:
- 4 балл: Жаркент қаласы (Жетісу облысы, Панфилов ауданы).
- 3 балл: Жетісу облысындағы Сарқанд және Текели қалалары, Қарабұлақ кенті (Ескелді ауданы), Жансүгіров ауылы (Ақсу ауданы); Алматы облысындағы Шонжы және Қырғызсай ауылдары (Ұйғыр ауданы).
- 2 балл: Алматы және Қонаев қалалары; Жетісу облысындағы Талдықорған, Үштөбе (Қаратал ауданы) және Үшарал (Алакөл ауданы) қалалары, Балпық би (Көксу ауданы) және Сарыөзек (Кербұлақ ауданы) ауылдары; Алматы облысындағы Есік, Талғар және Алатау (Жетіген) қалалары, Өтеген батыр және Боралдай ауылдары (Іле ауданы), Шелек, Түрген, Көкпек және Маловодное ауылдары (Еңбекшіқазақ ауданы), Кеген, Жалағаш және Саты ауылдары (Кеген ауданы), Нарынкөл ауылы (Райымбек ауданы), Ж. Қайыпова ауылы (Ұйғыр ауданы); Абай облысындағы Үржар және Мақаншы ауылдары.
Сонымен қатар, Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, дүмпулердің магнитудасы 5,8 болған.
ТЖМ жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадамды еске салады:
Сабыр сақтаңыз, дүрбелеңге бой алдырмаңыз. Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдаланбаңыз. Жиһаздан, терезеден, шамнан алыстаңыз. Сенімді берік баспана табыңыз: егер жоғарғы қабаттарда болсаңыз, күрделі, жүк көтергіш қабырғалардың бұрышында орын алыңыз. Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін). Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз. Дабыл чемоданын алыңыз (алдын ала дайындалған). Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан алыс болыңыз. Қайталанатын дүмпулерге дайын болыңыз. Қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіңіз.
Дереккөз: Zakon.kz