
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов мәслихат отырысында жаңа стадионның құрылыс барысы мен ашылу мерзімін атады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен стадион бірегей нысандар қатарына жатқызылды. Құрылыс комитеті жеке жоспарды бекітті, біз соған сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жобаны Қазақстан Футбол Федерациясымен, УЕФА-мен және «Қайрат» футбол клубымен келісеміз, болашақта осы стадионда озық еуропалық турнирлерді өткізуге үміттенеміз. Бірақ ескеретін жайт – бізде сейсмикалық белсенділік жоғары, стадион салынып жатқан учаске 10 балдық аймаққа жатады», – деді Шаханов.
Қазіргі уақытта сынақ қадалары қағылып жатыр. Сынақтар аяқталған соң іргетас жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл жоба ерекше бақылауда, – деп атап өтті әкім орынбасары.
Жоба ҚазҰИИСА-мен бірлесіп жүзеге асырылуда. Алдын ала мерзім – 2028 жылғы наурыз. Сонымен қатар, Шаханов «Медеу» мұз айдынын қайта жаңарту жобасы Мәдениет министрлігімен келісіліп жатқанын, «Қазреставрациядан» ғылыми сараптама алынғанын, қайта жаңарту 2027–2028 жылдар маусымына дейін аяқталатынын хабарлады.
Дереккөз: Nur.kz