...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы саябақтарда буккроссинг алаңдары іске қосылады

Алматыдағы саябақтарда 1 маусымнан бастап жазғы буккроссинг алаңдары ашылады. Қала тұрғындары мен қонақтары кітаптарды тегін алып оқи және алмастыра алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жоба зияткерлік демалысты дамытуға және қалалық қоғамдық кеңістіктерде оқуды насихаттауға бағытталған.

Кітап сөрелері Ганди мен Қарғалы саябақтарында, Мұқағали Мақатаев атындағы скверде, сондай-ақ Орталық көшесі, 12Б мекенжайындағы №44 кітапханада орналастырылады.

Шілде айынан бастап тағы бір буккроссинг алаңы Гоголь көшесі, 109 мекенжайындағы А. П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада жұмыс істей бастайды.

Алматы қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, кітап сөрелері дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Кітап қорын үнемі жаңартып отыру жоспарланған. Сөрелерде көркем, танымдық және мотивациялық әдебиеттер ұсынылады.

Ұйымдастырушылар буккроссинг форматы тұрғындарға таза ауада кітап оқуға ғана емес, өз басылымдарын басқа оқырмандармен бөлісуге де мүмкіндік беретінін атап өтті.

Дереккөз: Inform.kz