
Биыл Алматыда Сәтпаев көшесінің 3,7 км учаскесін (Луганский көшесінен Байзақов көшесіне дейін) абаттандыру жоспарланған. Жоба аясында көшені көгалдандыру, арт-нысандар қою және жаяу жүргіншілерге ыңғайлы ету көзделген, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, жоба бойынша жапырақты және қылқанды ірі ағаштар, бұталар мен көпжылдық гүлзарлар отырғызылып, тұрақты жасыл қаңқа қалыптастырылады. Сонымен қатар, жарық бағаналары жаңартылып, заманауи шағын архитектуралық нысандар мен арт-объектілер орнатылады.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше мән беріледі. Кеңістік ең алдымен жаяу адамдарға бағытталады, бірақ көлік қозғалысының функционалдығы сақталады. Көше серуендеуге, демалуға және күнделікті пайдалануға бейімделеді, барлық санаттағы тұрғындардың қолжетімділігі ескеріледі, – деді басқарма өкілдері.
Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, алдымен Республика алаңынан басталады. Ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін аяқтау жоспарланған. Басқарма жобаны іске асыру Сәтпаев көшесін транзиттік кеңістіктен заманауи, жасыл және адамға бағытталған қоғамдық аумаққа айналдырады деп есептейді.
Дереккөз: Nur.kz