24 маусым күні сағат 11:00-де Алматыда Mass Alert халықты хабардар ету жүйесінің сынақтық іске қосылуы өтеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Техникалық тексеру Медеу ауданындағы Мұзтау шағын ауданында жүргізіледі.
— Іс-шара жоспарлы тәртіпте, хабардар ету жүйесінің техникалық дайындығын тексеру және төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты хабардар ету тәртібін пысықтау мақсатында өткізіледі, — деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылар мегаполис тұрғындары мен қонақтарын сабыр сақтауға және дүрбелеңге берілмеуге шақырады — дыбыстық сигналдар мен хабарландырулар жоспарлы сипатта.
Mass Alert жүйесі Cell Broadcast технологиясы бойынша жұмыс істейді — бұл Android және iOS бағдарламалық қамтамасыз етуіне енгізілген қызмет. Жүйе базалық станцияға қосылған барлық телефондарға шұғыл push-хабарландырулар жіберіп, SMS қолданбай-ақ лезде хабардар етуді қамтамасыз етеді.
31 мамыр 2024 жылы Android операциялық жүйесі бар құрылғыларды пайдаланушылар үшін сәтті сынақ өткенін еске саламыз. Электрондық хабарландыру жүйесіне екінші кезеңде iOS құрылғыларын пайдаланушыларды қосады деп хабарланған болатын.
Кейінірек, 17 қазан 2024 жылы Алматы тұрғындары «президенттік хабарландыру» алды — қалада Mass Alert хабарландыру жүйесі сыналды.
Дереккөз: Inform.kz