
Алматыдағы Мұхтар Базарбаев атындағы №138 гимназияда ұлттық стильде безендірілген, киіз үй үлгісіндегі «Парасат шаңырағы» этно-кабинеті салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл қала мектептерінде іске асырылған алғашқы осындай жоба. Дәстүрлі музей бұрыштарынан өзгеше, заманауи білім беру талаптарына сай жабдықталған бұл киіз үй толыққанды оқу кабинеті ретінде қызмет етеді.
Ашылу салтанатына білім саласында 2008 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғаш алған Аягүл Миразова, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, «Ұстаз» қалалық кәсіподағының төрағасы Серікжан Байгуттинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Гүлшара Есетова және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
«Жаңа кабинеттің негізгі міндеттері – оқушыларға ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақ халқының дәстүрлері мен мәдени мұрасымен таныстыру, ұлттық сана-сезімді дамыту, сондай-ақ этнопедагогика негізінде тәрбие мен білімді үйлестіре беру», – деді №138 гимназия директоры Медет Қасымбаев.
Киіз үй ішінде тұрмыстық бұйымдар, қолөнер үлгілері, дәстүрлі музыкалық аспаптар сияқты ұлттық сәндік элементтермен қатар заманауи оқу құралдары да орналастырылған. Мұнда ашық сабақтар, тәрбие сағаттары және танымдық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
Салтанатты рәсім барысында қонақтарға кабинет таныстырылып, оқушылар ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған Наурыз мерекесін ұйымдастырды.