
Алматыдағы танымал тау шыңы Күмбелге аспалы жол салу жобасы қала тұрғындары мен қонақтары үшін тауды қолжетімді етпек. Бүгін қалада Almaty Superski жобасы талқыланды, ол бойынша биіктігі 3200 метрден асатын Күмбел шыңына аспалы жолдар тарту жоспарланған. Қазір жаяу бірнеше сағатты алатын жолды болашақта бірнеше минутта еңсеруге болады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Almaty Superski – бұл жай ғана жаңа курорт емес, жоба Алматының туристік орталық ретіндегі рөлін өзгерте алады. Қазіргі уақытта Көкжайлау мен Күмбел шыңына негізінен бірнеше сағат жаяу жүруге дайын адамдар ғана бара алады. Азаматтық альянс өкілдері жоба іске асқаннан кейін бұл жерге балалы отбасылар, қарт адамдар, арнайы дайындығы жоқ туристер және мүмкіндігі шектеулі азаматтар келе алатынын атап өтті. Яғни, қазір көпшілік үшін тек көкжиектегі әдемі көрініс болып қалып отырған тауларды қолжетімді демалыс орнына айналдыруды көздейді.
«Тау туристік кластерін дамыту көптеген жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Мысалы, бірінші кезеңде алматылық тау кластерін дамыту барысында шамамен 700 жұмыс орнын құрасақ, сабақтас мамандықтарда бұл 4000-ға жуық жұмыс орнын береді, бұл тек бірінші кезеңде. Ал уақыт өте келе жұмыс орындарының саны негізгі бағыттармен қатар сабақтас салаларда 10 мыңға дейін жетеді», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Ермек Қожамсүгіров.
Аспалы жолдарды Медеуден, қазір Шымбұлаққа көтеретін станциядан іске қосу жоспарланған. Бірінші желі адамдарды Көкжайлау үстіртіне шамамен 10 минутта жеткізуі тиіс. Кабинкалар 35 адамға есептелген. Одан әрі маршрут жоғары – биіктігі 3200 метр болатын Күмбел шыңына қарай жалғасады. Алматы үшін бұл туристік маусымды кеңейту мүмкіндігі: тек қысқы шаңғы ғана емес, жазғы серуендер, веломаршруттар, отбасылық демалыс және қала қонақтары үшін жаңа тартымды нүктелер пайда болады.
«Осындай ауқымды және кең тау кластерін және жалпы шаңғы индустриясын жоспарлау үшін Франциядан тәжірибелі команда шақырылды, ол MDP деп аталады, 86-шы жылы құрылған, бұл команданың әлем бойынша бірнеше ондаған іске асырылған жобалары бар. Ал француздар қазіргі уақытта осы салада көшбасшы болып табылады», – деп атап өтті алматылық тау кластерінің басқарушы компаниясы директорының орынбасары Александр Руденко.
Іс-шарада экология, көлік қолжетімділігі және болашақ курорттың қала экономикасына әсері туралы да айтылды. Қатысушылар аумақ ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін сақтап қалуы керек, ал кластерді дамытуды бейінді ғылыми институттардың қатысуымен жүргізу қажет екенін атап өтті. Жобада 17 аспалы жол, 60 шақырымнан астам трасса, жаяу және велосипед маршруттары көрсетілген. Жаңа курорт бір уақытта 10 мың адамға дейін қабылдай алады, ал іске қосу 2028 жылға жоспарланған.
Дереккөз: Almaty.tv