
Алматыда арық желісі мен нөсер кәрізі жүйесін жаңғырту жалғасуда. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі мегаполистегі арықтардың жалпы ұзындығы 1525 шақырымды құрайтынын хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
2021 жылдан бері қалада су бұру жүйесін қайта жаңарту бойынша жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын үш ірі жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда Алматының орталық бөлігінде жұмыстар толық аяқталып, 76,6 шақырым желі жаңартылды. Қаланың шығыс және батыс бөліктеріндегі қайта жаңартуды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жаңбыр кезінде мамандар арықтар мен нөсер кәрізінің жай-күйін бақылауды күшейтеді. Суды уақтылы ағызу үшін желілер мен су өткізу құрылыстарына тұрақты тазалау жүргізіледі.
Әкімдікте соңғы жылдары Алматыда қарқынды қысқа мерзімді жауын-шашын жиілегенін атап өтті – бірнеше сағат ішінде айлық норманың жартысына дейін жаууы мүмкін. Жүйеге қосымша жүктемені тығыз қалалық құрылыс пен асфальт жамылғыларының көптігі тудырады.
Су басудың алдын алу үшін аудандық әкімдіктер мен профильді қызметтер проблемалық учаскелердің мониторингін жалғастырып, оларды кезең-кезеңмен қайта жаңарту жоспарларына енгізуде.
Дереккөз: Inalmaty.kz