Алматыдағы ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3-ті газға көшіру және құрылыс жұмыстарының барысын Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов тексерді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, ТЭЦ-2 жаңғырту жұмыстары соңғы кезеңге шықты. Жобаның жалпы дайындығы 93,75%-ды құрайды, бастапқы кестеден артта қалу толығымен дерлік жойылды. Технологиялық жабдықты жеткізу 100%-ға аяқталды.
Қазір станцияда іске қосу-реттеу жұмыстары мен жүйелерді жеке сынау жүргізілуде. Негізгі генерациялаушы жабдықты алдын ала іске қосу 15 қазаннан бастап жоспарланған. Жүйелерді толық интеграциялау және станцияны пайдалануға беру 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жоспарланып отыр.
ТЭЦ-3 алаңында жұмыстар екі ауысымда ұйымдастырылған, 809 адам мен 70 бірлік техника жұмылдырылған. Жобаның жалпы дайындығы 27,09%-ды құрайды. Іргетасқа бірінші газ турбинасы мен генератор орнатылды, бас корпус пен қосалқы нысандарда жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар, Энергетика министрлігінің атап өтуінше, ТЭЦ-3-те бекітілген мерзімдерден артта қалу қаупі сақталуда. Тапсырыс беруші мен бас мердігер басшылығымен өткен кеңесте Ерлан Ақкенженов мамандардың жеткіліксіз жұмылдырылуы мен материалдарды жеткізудегі кешігулерге назар аударды.
— ТЭЦ-3-тегі жұмыс қарқыны айтарлықтай сын тудырады. Логистикадағы қиындықтарға сілтеме жасау қабылданбайды, бұл мәселелерді алдын ала шешу қажет еді. Мердігер жабдық жеткізудегі мәселелерді шұғыл шешіп, ауысымдарды мамандармен күшейтіп, бекітілген кестені қуып жетуі керек. Станцияны тапсыру мерзімдері қайта қаралмайды, компания басшылығынан сұраныс жеке болады, — деді министр.
Сапар қорытындысы бойынша «Самұрық-Энерго» АҚ мен мердігер ұйымдарға құрылыс-монтаж жұмыстарының тәулік бойы қарқынын күшейту, уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету және ТЭЦ-3 бойынша артта қалуды жою үшін толық шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ТЭЦ-2 мен ТЭЦ-3-ті шығарындыларды азайту үшін газға көшіретінін хабарлаған болатын.
