Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жанжал болып, оқиға бейнежазбаға түсіп қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқиға туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде тарады. Жарияланым авторының мәлімдеуінше, Алматыдағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде мас күйдегі Ресей Федерациясының азаматы жанжал тудырып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Алматы полициясының баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне бұзушы Қазақстан азаматы болып шыққанын хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде тараған жарияланым бойынша Алматы полициясының қызметкерлері тексеру жүргізді. Қазақстан Республикасының азаматы, қаланың 40 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді», — деп түсіндірді полицияда.
Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
