Алматы әкімдігі Самал-3 шағын ауданы тұрғындарының өтінішіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тұрғындар қала әкімдігіне Мендіқұлов пен Қажымұқан көшелерінің қиылысындағы жер учаскесін саябақ аймағы салу үшін алып беруді талап етіп жүгінген.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрын ауданы 0,50 га жер учаскесі жеке меншікте болған. 2020 жылы меншік иесіне көппәтерлі тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салуға жобалық құжаттама берілген.
— Кейін қала әкімдігі тұрғындардың пікірін ескеріп, бұрын берілген рұқсат құжаттарын кері қайтарды. Сондай-ақ жоғарыда аталған учаскені сатып алған инвестормен келісімге қол жеткізіліп, ол учаскенің жартысын — 0,25 га тегін қала меншігіне берді, — делінген хабарламада.
Оның үстіне, инвестор өз қаражаты есебінен сол жерде саябақ аймағын жабдықтаған, оның жобасы маңайдағы үй тұрғындарымен алдын ала келісілген.
— Учаскенің қалған бөлігінде (0,25 га) меншік иесі — «Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектеп» ЖШС іргелес аумақты абаттандыра отырып, жылыжай салуда. Жоба сәулет және қала құрылысы басқармасы берген жобалық құжаттар негізінде жер учаскесінің мақсатты пайдаланылуына сәйкес іске асырылуда, — деп нақтылады әкімдікте.
Жоба күрделі құрылыс нысандарын салуды көздемейді. Осы негізде берілген жобалық құжаттаманың күшін жою мүмкін емес, өйткені жер жеке меншікте, ал жобаны іске асыру учаскенің мақсатты пайдаланылуына сәйкес келеді.
Еске салайық, осы учаскеге қатысты қарама-қайшылық 2020 жылдың қазан айында басталған. Самал-3 шағын ауданындағы жалғыз саябақ аймағында құрылыс басталғанда жергілікті тұрғындар дабыл қаққан. Қала тұрғындары оларды серуендеу мен демалуға арналған соңғы орыннан айырып жатқанын мәлімдеген.
Дереккөз: Inform.kz