Алматының Бостандық ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде өрт болып, ТЖМ қызметкерлері 127 адамды құтқарып, эвакуациялады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Абай даңғылы, 150, 1-блок мекенжайындағы үйде түтіндену туралы хабар 25 тамызда сағат 21:56-да түсті. Оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД күштері мен құралдары дереу жіберілді.
Құтқарушылар келген кезде тоғызыншы қабаттағы пәтердің 4 шаршы метр аумағында өрт жанғаны анықталды. Қатты түтін басқандықтан, түтін баспалдақ аралықтарына тарады.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, газтүтіннен қорғау қызметінің буындары тұрғындарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарына кірісті. Жұмыстарды жүргізу үшін өрт сөндіру автобаспалдағы да тартылды.
Өрт сағат 22:28-де оқшауланып, 22:36-да толық сөндірілді.
Түтін аймағынан баспалдақ марштарымен 42 адам эвакуацияланды. Тағы 85 тұрғын, оның ішінде төрт бала, құтқару қалпақтарын пайдаланып құтқарылды.
Зардап шеккендер туралы ақпарат «112» қызметіне түскен жоқ.
Әлеуметтік желілерде өрт «Гаухартас» тұрғын үй кешенінде болғаны хабарлануда.
Бұған дейін Алматыда 13 қабатты тұрғын үй кешенінде де өрт болып, салдарынан әйел адам қаза тапқаны хабарланған еді.
