...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы 12 қабатты үйдегі өрттен 10 адам құтқарылды, оның үшеуі — бала

Алматының Самал-2 шағын ауданындағы 12 қабатты тұрғын үйде 10 қыркүйек күні таңертең өрт шығып, құтқарушылар 10 адамды алып шықты, тағы 72 тұрғын эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, №76 үйдегі өрт туралы хабарлама «112» пультіне түскен. Өрт-құтқару бөлімшелері келгенде 12-қабаттағы пәтер ашық жалынмен жанғаны анықталды.

Оттың ғимарат шатырына таралу қаупі болды. Құтқару жұмыстары барысында ТЖМ қызметкерлері 10 адамды, оның ішінде үш баланы құтқарды. Сонымен қатар ғимараттан 72 адам эвакуацияланды, олардың арасында сегіз бала және мүмкіндігі шектеулі үш адам болды.

Өрт сөндірушілер оттың шатырға таралуына жол бермеді. Өрт 35 шаршы метр аумақта сөндірілді.

Үй тұрғыны Гүлжан Бұлатова құтқарылғаннан кейін өрт сөндірушілерге үйлесімді жұмысы үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, 28 тамызда Алматының Дарабоз шағын ауданындағы 12 қабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде 100-ден астам адам эвакуацияланған болатын. Онда құтқарушылар ғимараттан 10 адамды, оның ішінде төрт баланы алып шыққан.