
Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы үлестік құрылыс объектілерінің заңсыз жарнамасын анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Krisha.kz және Korter.kz интернет-алаңдарының операторларына қатысты «Үлестік қатысу туралы» заң талаптарын бұза отырып, жарнама орналастырғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.
Заңға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін азаматтардың қаражатын тартуға, сондай-ақ мұндай объектілерді жарнамалауға уәкілетті органның тиісті рұқсаты немесе заңда көзделген өзге де механизмдер болған жағдайда ғана жол беріледі. Аталған алаңдардағы жарнамада ұсынылған объектілерде тиісті рұқсаттар болмаған.
Нәтижесінде екі компанияға ірі көлемде айыппұл салынды: «Колеса» АҚ (Krisha.kz) – 1000 АЕК, «Флетфай-Қазақстан» филиалы (Korter.kz) – 500 АЕК мөлшерінде.
Басқарма тұрғындарға бастапқы тұрғын үй нарығынан баспана сатып алмас бұрын, құрылыс салушының үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатының және өзге де рұқсат құжаттарының бар-жоғын тексеруді ұсынады. Құрылыс объектілері бойынша рұқсат құжаттарының бар-жоғы туралы ақпаратты алу үшін басқарманың +7 (705) 89 66 000 нөміріндегі WhatsApp-анықтамалық арнасына жүгінуге болады. Арна жұмыс істей бастағаннан бері 10 мыңнан астам азаматтың сұранысы өңделген.
Дереккөз: Almaty.tv