
2026 жылы Қазақстан халықаралық спорт күнтізбесінің негізгі орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып, әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-ға жуық ірі жарысты қабылдайды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық турнирлер Астана, Алматы және Түркістан қалаларында өтіп, олимпиадалық, паралимпиадалық және инновациялық спорт түрлерін қамтиды.
Жылдағы басты старттардың қатарында — Астанадағы дзюдодан Grand Slam сериясының турнирі, Алматыдағы ISSF стендтік атудан Әлем кубогының кезеңі, Түркістандағы параканоэдан Азия чемпионаты, Астанадағы боччадан Әлем кубогы, Алматыдағы каратэден Азия чемпионаты, сондай-ақ таеквондодан (WT) Гран-при финалы бар.
2026 жылдың ең ауқымды халықаралық жобаларының бірі — Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындары» (Games of the Future). Халықаралық мультиспорттық турнир дәстүрлі спорт пәндері мен цифрлық технологияларды біріктіретін фиджитал-спортты дамытуға бағытталған.
Жыл ішінде елде сондай-ақ велоспорттан тректе Silk Way Series және Astana Open Series халықаралық жарыстары, Гусман Косановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан мемориал, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, Қазақстан Республикасы Президентінің үстел теннисінен ашық кубогы, мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial Challenge Series халықаралық турнирі және басқа да беделді жарыстар өтеді.
Сонымен қатар, Астанада жүзуден Әлем кубогының кезеңі, жастар арасындағы голболдан әлем чемпионаты, сондай-ақ параспорттан бірқатар халықаралық турнирлер өтеді.
Халықаралық спорт іс-шараларын өткізу елдің спорттық беделін нығайтуға ғана емес, сонымен қатар спорттық туризмді дамытуға, инвестициялар тартуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және Қазақстанды әлемдік спорт аренасында ілгерілетуге ықпал етеді.
Отандық спорт үшін 2027 жылдың да маңызы зор. Келесі жылы Қазақстан 7 әлем чемпионатын, 2 Азия чемпионатын, сондай-ақ 19 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы футзалдан Еуропа чемпионатын қабылдауды жоспарлап отыр.
Дереккөз: Almaty.tv