Алматыда 9 қазаннан бастап жылу беру маусымы басталады, ал қала әкімдігі тұрғындарға жылу қосу және ақаулықтар туындаған жағдайда хабарласатын телефон нөмірлерін ұсынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің мәліметінше, жылу кезең-кезеңімен беріледі: алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандар, содан кейін көппәтерлі тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар қосылады.
«Жылу маусымын іске қосу кезеңінде сегіз ауданның әрқайсысында жауапты мамандар бекітілген. Тұрғындар жылу қосу және ақаулықтар туындаған жағдайда карточкаларда көрсетілген телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады», — деп атап өтті әкімдікте.
Сонымен қатар, өтініштерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызмет көрсететін ұйымдар, басқармалардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары және e-Otinish платформасы арқылы да жіберуге болады.
Ақаулықтар туындаған жағдайда қоңырау шалуға қажетті телефон нөмірлерін әкімдіктің бекітілген жазбасындағы карусельді парақтап көруге болады.
Бұған дейін Алматыда жылу маусымының басталу күні — 9 қазан (жұма) деп жарияланғаны хабарланған. Алайда қала тұрғындарының үйлеріне жылу кейінірек беріле бастайды. Тұрғындарға пәтерлердегі радиаторлар мен құлыптау арматурасының жарамдылығын алдын ала тексеру ұсынылды.
