
2026 жылдың 30 сәуіріндегі жағдай бойынша, Алматыда жыл басынан бері шамамен 4600 неке тіркелген, бұл еліміздегі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Правительство для граждан» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының мәліметінше, мегаполисте күн сайын орта есеппен 70 неке қию рәсімі өтеді. Некеге отырушылардың орташа жасы: қыздарда — 29 жас, жігіттерде — 32 жас.
Биылғы жылы неке тіркеуге өтініш берген ең жасы үлкен адам — 92 жастағы ер адам. Ал ең жас жұп заң талаптарына сәйкес рұқсат алып, 16 жасында отбасын құрған.
Сондай-ақ осы кезеңде 409 жұп шетел азаматтарымен некелерін тіркеген. Жыл басынан бері 934 жұп ажырасқан. Ажырасуға өтініш бергендердің орташа жасы: ерлерде — 39 жас, әйелдерде — 37 жас.
— Алматыдағы некенің жоғары көрсеткіші мегаполистің демографиялық белсенділігін көрсетеді. Біз азаматтарға ыңғайлы және ашық қызмет көрсету үшін үдерістерді үнемі жетілдіріп отырамыз. Онлайн өтініш беру және салтанатты рәсімге алдын ала бронь жасау азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті филиал өкілдері.
Некені тіркеуге өтініш кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын берілуі тиіс. Қызметті АХАЖ бөлімдерінен, eGov.kz электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Сонымен қатар, қалаған жұптар салтанатты неке қию рәсімін өткізе алады.
Дереккөз: Inform.kz