Алматыда жол тәртібін талдау қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Sergek ITS көлік жүйесінің деректері бойынша, өткен жылы автокөлік иелерінің 55,6 пайызы Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін бірде-бір рет айыппұл алмаған. Зерттеу 2025 жылғы 1 маусымнан 2026 жылғы 1 маусымға дейінгі кезеңді қамтыған. Сандық жүйенің көмегімен мамандар 3 миллионнан астам бірегей көлік құралын талдаған — оның ішінде алматылық тіркеудегілер, басқа қалалардан келгендер және шетелдік нөмірлері бар транзиттік машиналар бар. Талдауда жүріс қашықтығы да ескерілген: айыппұлсыз ең көп километр жүргендер анықталған.
Нәтижесінде 1,7 миллионнан астам жүргізуші Алматыда да, еліміздің басқа өңірлерінде де ЖҚЕ бұзбағаны белгілі болған. Ең тәртіпті автокөлік иелері 1 жыл мерзімге сақтандыру полисімен марапатталған. Солардың бірі — Евгений Мамроцкий, ол бір жылда 28 мың километрден астам жолды бірде-бір ЖҚЕ бұзбай жүріп өткен.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қаланың ресми автопаркі 750 мың көлікті құраса, күн сайын жолға қосымша 400 мыңға дейін басқа өңірлерден келген көлік шығады. Оның сөзінше, дәстүрлі айыппұлдармен қатар заңға бағынатын жүргізушілерді ынталандырудың халықаралық тәжірибесін енгізу қала тұрғындарын ұқыпты және қауіпсіз жүргізуге ынталандырады.
Еске салайық, Қазақстанда жедел жәрдем көліктері мен автобустарға ЖҚЕ бұзушылықтарды тіркейтін камералар орнату жоспарлануда. Сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкентте жол қозғалысы ережелерін бұзуды есепке алудың баллдық жүйесі сынақтан өткізілуде. Бұл балдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңды күшіне енгеннен кейін қосылады.
Дереккөз: Inform.kz