Алматыда Hyundai Elantra жүргізушісі Райымбек даңғылында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ол 30 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде Hyundai Elantra жүргізушісінің Райымбек даңғылында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны бейнеленген видео тараған.
Жүргізушінің жеке басын полицейлер анықтады. Ол Алматының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін ол бірден бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды – маневр жасау, мемлекеттік нөмірсіз жүру, тонировка, жол белгілерінің талаптарын сақтамау және құқығы болмай көлік басқару, – деді полицияда.
Жол-көлік оқиғасының фактісі бойынша материалдар Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді.
Сот шешімімен алматылыққа 30 тәулік әкімшілік қамау және 100 АЕК-тен асатын айыппұл (432 500 теңге – Ред.) тағайындалды.
