1 қыркүйекте Алматыдағы мектептердің жанында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 700-ге жуық полиция қызметкері мен 130 патрульдік экипаж жұмылдырылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 1 қыркүйекте Алматы қалалық ПД жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылады. Полиция нарядтары қаладағы барлық жалпы білім беретін мектептердің жанына қойылады.
Түйінді қиылыстар мен бағдаршамдарда таңғы және кешкі ең көп қозғалыс сағаттарында қозғалысты қолмен реттеу ұйымдастырылады. Инспекторлар 7:30-дан 9:00-ге дейін және 17:30-дан 19:30-ға дейін жұмыс істейді.
ПД-да атап өткендей, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына, оның ішінде мектеп маңында көліктердің тоқтауы мен тұрағына, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге басымдық берілуіне ерекше назар аударылады. Жылдамдық режимі бейнебақылау камералары мен жол белгілері арқылы бақыланады.
Балалардың жолдан қауіпсіз өтуі үшін ең көп қозғалыс сағаттарында патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері жұмылдырылады.
Кептеліс немесе жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда патрульдік экипаждар мектептерге барынша жақындатылады. Бұзушылықтар немесе қауіпті жағдайлар туралы 102 нөміріне хабарлауға болады.
