Алматы прокуратурасы жүргізген талдау барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметіне жеңілдік алу құқығының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Прокуратураның мәліметінше, прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша 2026 жылғы 10 маусымда Алматы қаласы мәслихатының «Халыққа қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтерін бекіту туралы» шешіміне жекелеген санаттағы азаматтарға жеңілдіктер қарастыратын өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қатысушылары қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің төлемінен босатылды. Оларға теңестірілген адамдарға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, балаларға мүгедектік белгіленген ата-аналар мен заңды өкілдерге, сондай-ақ жетім балаларға 50% жеңілдік белгіленді.
Екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен өзге де әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 25% жеңілдік қарастырылған.
Жоғарыда аталған жеңілдіктерді алу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын ұйымдарға жүгіну қажет.
Алматы қаласының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мен қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін еске салады.
