...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Қоғам

Алматыда жүрегі тоқтап қалу қаупі бар науқасқа тері асты дефибрилляторын имплантациялады

Италиялық дәрігер Андреа Дрогетти Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында алдыңғы тісті бұлшықеттің аймақтық блокадасы (Serratus Block) бойынша шеберлік сыныбын өткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Шеберлік сыныбы барысында жүрек қызметінің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары науқасқа экстраторакальды, тері асты кардиовертер-дефибрилляторы (S-ICD) имплантацияланды.

Имплантацияланатын кардиовертер-дефибриллятор өмірге қауіп төндіретін жүрек ырғағының бұзылуы мен ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды жүректің кенеттен тоқтап қалуынан қорғауға және өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Аритмологиялық қызметтің аға ординаторы Асылхан Пәкімбековтің айтуынша, қайталама имплантациялар кезінде қауіптер бірнеше есе артады. Тері асты электроды бар имплантацияланатын кардиовертер-дефибрилляторды қолдану барлық қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.

Тері асты кардиовертер-дефибрилляторы тамырларының күрделі анатомиясы бар науқастарға, физикалық белсенді жас пациенттерге (өйткені оларда қан тамырішілік электродтың зақымдану қаупі жоғары), қант диабетімен, инфекциялық асқыну қаупі бар созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастарға, кардиовертер-дефибрилляторды қайта имплантациялауды қажет ететін пациенттерге, әсіресе бірінші операция инфекциялық асқынулармен бірге жүрсе, имплантацияланады, — деді Асылхан Пәкімбеков.

Тері асты кардиовертер-дефибрилляторларын клиникалық тәжірибеге енгізу жүректің тоқтап қалуының алдын алу үшін операциядан кейінгі асқынулар санын айтарлықтай азайтады және науқастардың өмір сүру сапасын жақсартады.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар құрылғыны оңтайлы орналастыру контекстінде кеуде қуысының анатомиясын түсіне алады; анестезия әдісін таңдаудың S-ICD имплантациясы процесіне және жұмыс процесіне әсерін бағалай алады; әр пациент үшін ең қолайлы анестезия әдісін таңдай алады; аймақтық анестезия принциптерін, әсіресе алдыңғы тісті бұлшықет пен парастернальды блокада әдістеріне назар аудара отырып түсіне алады.

Мұндай бірлескен іс-шараларды өткізу халықаралық медициналық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Серіктестік озық клиникалық тәжірибе алмасуға бағытталған, бұл медициналық көмек сапасын үздіксіз арттыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Almaty.tv