Алматы қаласының әкімі ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне Азиз Кажденбекті тағайындады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әкімдіктің сайтында 2026 жылғы 23 қарашада жарияланды.
Азиз Кажденбек 1993 жылы 24 сәуірде Қызылорда облысында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтын бітірген. «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «мұнай химиясы», «менеджмент және басқару», «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша білім алған.
Әр жылдары 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу дирекциясында жұмыс істеген, «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінде волонтерларға жетекшілік еткен, ALT University және UIB білім беру ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған.
2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың наурызына дейін Алматы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры болды.
2023 жылдың наурызынан бастап қалалық жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарса, 2024 жылдың тамызынан осы басқарманың басшысы болды.
Айта кетейік, 18 қарашада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының жаңа президенті тағайындалғаны белгілі болды. Ол – Құрманбек Жұмағали.
