Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматқа мемлекеттен 11 пәтер ұсынылған, алайда ол аудан ұнамағандықтан олардан бас тартқан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Астанада өткен конференцияда «Отбасы банкі» бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Ашимов айтты.
Оның сөзінше, бұған дейін кезекте тұрған азаматтардың тұрғын үй орнын таңдауға құқығы болмаған: әкімдіктер баспананы бөліп, шақырту жіберген, ал адам бас тартса — мәселе сол жерде аяқталған. Енді жағдай өзгерді.
«Бұрын азаматтарда мұндай құқық болмады: әкімдіктер тұрғын үйді бөліп, шақыртатын, егер адам бас тартса, бәрі бітетін. Енді азаматтың қаулыдағы мерзімі ерте болса және ол тұрғын үйден бас тартса, мысалы, Алматыдағы Наурызбай ауданындағы пәтерден, себебі Медеу ауданында тұрғысы келсе, онда сол ауданда салынып жатқан нысандар болса, ол Наурызбай ауданындағы тұрғын үйден бас тартып, Медеу ауданындағы бөліліске қосыла алады», — деді ол.
Департамент директорының айтуынша, кейбір қазақстандықтар бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерген.
«Алматыда 11 рет тұрғын үй ұсынылған азамат бар. Ол 2011 жылдан 2026 жылға дейін тұрғын үй кезегінде тұрды, бұған дейін оған пәтер ұсынылмаған. Ал соңғы екі айда оған баспана ұсынылды, алайда ол 11 пәтерден шартты түрде бас тартты: аудан ұнамады. Бірақ соңында ол тұрғын үй алды, өзіне қолайлы ауданды таңдады. Яғни қазір азаматтар орнын таңдай алады», — деді спикер.
