Алматыда Шевченко көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінің жанындағы жаңа плитка шөгіп қалғанына шағымданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Шевченко көшесі, 100 және Сейфуллин даңғылы, 579 мекенжайлары бойынша қиылыста төселген жабынның ақауы байқалған. Жабынды шамамен екі ай бұрын ғана төсеген.
Threads әлеуметтік желісінде @running_nelly пайдаланушысы жаңа жабынның жай-күйі туралы жазба жариялады.
«Құрметті әкімдік! Алматы көшелерін әдемі етіп жатқаныңызға рақмет. Бірақ плитка қазірдің өзінде шөгіп қалды, ал оны төсегеніне небәрі екі ай болды», — делінген өтініште.
Алматы қаласы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жазбаға жауап беріп, Сейфуллин даңғылында абаттандыру жобасы жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Сейфуллин даңғылын Алдар Көсе көшесінен Төле би көшесіне дейін «фасадтан фасадқа дейін» қағидаты бойынша қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Жобада көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, жарық тіреуіштерін қою, брусчатка жабынын төсеу және шағын сәулет нысандарын орналастыру қарастырылған», — делінген хабарламада.
